Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиева қала тұрғындарын коронавирусқа қатысты талаптарды орындауға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның сөзіне қарағанда, қоғамдық тамақтану нысандарының, ойын-сауық мекемелерінің иелері бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, шектеу және карантин шараларын сақтамай, өз қызметін жүзеге асыруды жалғастыруда.
«Кәсіпкерлік субъектілерінің арасында карантин режимін бірнеше рет бұзғандар бар. Мысалы, Тұран даңғылы (Есіл ауданы) бойында орналасқан жазғы кафесі бар Auraclub Alanya түнгі клубы шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін сегіз рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, белгіленген жұмыс режимі мен маска режимі, әлеуметтік қашықтық сақталмайды, сондай-ақ тыйымға қарамастан түнгі клуб пен караоке-залдары жұмыс істеген», - деді Ж. Пралиева баспасөз мәслихатында.