03 ақп, 2022 сағат 13:15

Елордада қала тұрғындарын ипотека алып береміз деп алдап соққан екі әйел ұсталды


Бүгінде полицияға алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен 9 адам шағым түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәселен, өткен жылдың сәуір айында елорда тұрғыны алаяқтарға алданып, 1,5 миллион теңгесінен айырылды. Алаяқтар 2020 жылдың желтоқсан айында ипотека аламыз деп алдап, тағы бір жәбірленушінің 4 миллион 490 мың теңге қаражатын қалтаға басқан.

Ақшасынан айырылған қала тұрғындары полицияға жүгінген.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 40 және 38 жастағы екі әйелді ұстады. Олардың бірі бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталғаны анықталды.

Күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлімімен (ірі көлемдегі алаяқтық жасау) тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ олардың елорда аумағында осыған ұқсас қылмыстарға қатысы анықталып жатыр.

Аталған тұлғалардың заңға қайшы әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің Орынбор, 9 мекенжайы бойынша орналасқан «Есіл» аудандық полиция басқармасына жүгінуді немесе төмендегі телефон нөмірлеріне хабарласуын сұраймыз: 8 (7172) 71-65-57, 71-65-58, 71-65-50, немесе «102».