22 қаз, 2020 сағат 17:11

Елордада интимдік қызмет көрсеткен 10 жігіт полицияға жеткізілді

Елорда аумағында «Стоп-трафик» жедел алдын алу шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері СПИД орталығымен бірлесіп, интимдік және боди-массаж қызметін көрсететін тұлғаларды анықтау бойынша алдын алу-рейдтік шарасын адам саудасымен күрес мақсатында өткізіп жатыр. Рейд барысында жеңіл жүрісті қызды 8 мың теңге ақшалай сыйақыға клинетке жеткізіп берген әйел ұсталды. Ол бұл әрекеті үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы 1-бөлігімен жауап береді. 

Сонымен қатар «Стоп-трафик» шарасы барысында Балқантау көшесінде орналасқан саунаның әкімшісі ұсталды. Ол клиентке 50 мың теңге сыйақыға интимдік қызмет көрсететін қыздарды жеткізіп берген. Мұнан бөлек, пәтерлер мен коттедждерде массаж жасайтын СПА-салондар анықталды. Салондар боди-массаж атын жамылып, интимдік қызмет көрсетіп келген. Жеңіл жүрісті қыздардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. 30 мың теңгеге интимдік қызмет көрсеткен жігіттер де ұсталды. 

«Жедел алдын алу шарасын өткізу нәтижесінде полицияға интим және боди-массаж қызметін көрсететін 69 қыз бен 10 жігіт, сауналар мен СПА-салондардың 11 әкімшісі жеткізілді. Пәтерлері мен коттеждерді жалға берген меншік иелері айыппұл түріндегі жазаға тартылды», - деп атап өтеді департаменттен.