Елордада 26 қазан мен 1 қараша аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы өткізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері құқықтық тәртіпті қамтамасыз ете отырып, тәулік бойы көшелерде шолғындау жүргізді. Нұр-Сұлтан қаласында жедел-алдын алу шарасы өткізілген 7 күннің ішінде 167 қылмыс тіркеліп, оның 133-і ізі суымай ашылды», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Мәселен, криминалдық полиция қызметкерлері 28 жастағы кісі тонаушыны ұстады. Күдікті күндізгі уақытта Гете көшесі бойындағы үйлердің бірінің ауласында өтіп бара жатқан тұрғынды соққыға жығып, тонап кеткен. Ол зардап шегушінің ақшасын тартып алып, үстіндегі күртешесін шешіп алған. Бұзақы із суымай қолға түсіп, Полиция департаментінің уақытша оқшаулағышына қамалды. ҚР Қылмыстық кодесінің 191-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
«Сонымен қатар шара аясында бұрын жасалған 79 қылмыс ашылып, іздеуде болған 22 қылмыскер ұсталды. «Құқықтық тәртіп» шарасы барысында түрлі әкімшілік құқық бұзғаны үшін шамамен 6 мың адам, оның ішінде 933 адам спирттік ішімдік ішіп, тыныштықты бұзғаны, 826 адам кішігірім бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды», - деп атап өтеді департаменттен.