ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі балалар үйінен 25,9 миллион теңгені жымқыру дерегін анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" агентіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың барлық құқықтарын қорғау және қаржылық қамтамасыз ету әрқашан Қаржылық мониторинг агенттігінің басты назарында.
Қазіргі уақытта «Qamqor» жедел алдын алу іс-шарасы аясында агенттік елордалық балалар үйлерінің бірінде жетім балаларға азық-түлік сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Тергеу осы мекеменің директоры мен бас бухгалтері сатып алу ережелерімен қарастырылған процедураларды өткізбей, басқаруындағы үлестес кәсіпорынмен азық-түлік жеткізуге шарттар жасағандығын анықтады. Бұл ретте, компанияның нақты иесі бас бухгалтердің бұрынғы жұбайы болып табылады.
2019-2020 жылдар кезеңінде жасалған шарттар бойынша лауазымды тұлғалар аталған компания арқылы бөлінген 130 млн. теңге бюджет қаражатынан жетім балаларға азық-түлік сатып алуға бөлінген 25,9 миллион теңгені жымқырған.
«Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды», - делінген хабарламада.