Елорда полициясы жалға берілетін пәтерлерге қатысты алаяқтық жасау күдігімен 38 жастағы тұрғынды ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Polisia.kz порталының мәліметінше, жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында бұған дейін алаяқтығы үшін істі болған 38 жастағы елорда тұрғыны қолға түсті. Қазіргі уақытта аталған азаматтың үстінен жылжымайтын мүлікке қатысты алаяқтықтың 2 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Тергеу барысында күдіктінің зардап шегушілерге «Жалға берілетін пәтер» бағдарламасы аясында баспаналы болуға уәде бергені және сол көмегі үшін ақша алғаны анықталды. Зардап шегушілер оның сөзіне сеніп, 205 мың теңге берген.
«Осыдан кейін күдікті таныстарымен байланысқа шықпай қойған. Үш айдан кейін алданғандарын түсінген зардап шегушілер полицияға жүгінді. Ұсталған адам тергеу изоляторына қамалды. ҚР Қылмыстық кодесінің 190-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген таратылған ақпаратта.