Елордада 59 жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін сатып алынады. Мұндай шешім бүгін Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының кезектен тыс 76-шы сессиясында қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Нұр-Сұлтан қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының сессиясы қарауына 131 млн теңге сомасында жалпы ауданы 0,38 гектарды құрайтын 9 нысан бойынша 59 жер учаскесін сатып алу жөніндегі шарттың жобасын ұсынады», - деді Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Асылбек Есенбаев сессия барысында.
Оның атап өтуінше, сатып алынған жер учаскелерінің орнына келесі нысандар салынады:
Бірінші - Тәуелсіздік даңғылы мен Шарль де Голь көшесінің қиылысы ауданындағы мекенжайда орналасқан жапсарласа салынған орын-жайлары мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешені.
Екінші - Құдайбердіұлы даңғылы мен Манас көшесі қиылысында орналасқан жапсарласа салынған орын-жайы мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешені.
Үшінші - С189 көшесіндегі 600-800 орынға арналған көпсалалы аурухана.
Төртінші - Тұран даңғылы мен №24 көшесінің қиылысында орналасқан мектеп құрылысы.
Бесінші - Сарыарқа даңғылы бойындағы көпірден бастап Көктал тұрғын үй алабына дейінгі мекен жайда орналасқан Есіл арнасы 5-ші кезеңінің жағажай аумағы бар №5 учаскесін қайта жаңарту.
Алтыншы - Қосшығұлұлы және Жамбыл көшелері қиылысында орналасқан қоса салынатын орын-жайлары және паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешені.
Жетінші - Алтынсарин және Гете көшелері қиылысы ауданында орналасқан аумақты абаттандыру.
Сегізінші - Вишневский көшесі №10 үй ауданында орналасқан құбыр желілері торабы нысаны.
Тоғызыншы - Қосшығұлұлы көшесі №8 үй ауданында орналасқан аумақты абаттандыру.
«Барлық жер учаскелерінің меншік иелері ұсынылған өтемақы сомасымен таныстырылды. Жазбаша келісімдері бар. Келіспегендері құжаттарын комиссияға ұсынған жоқ. Олар бойынша сатып алу мәселесі сот тәртібімен шешілетін болады», - деді Асылбек Есенбаев.
Осыдан кейін мәслихат депутаттары мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін сатып алу жөніндегі шарттың жобасын бірауыздан қолдап дауыс берді.