08 қаз, 2020 сағат 11:30

Елордада 548 адам тіркеуде тұрған пәтер анықталды

Елорданың көші-қон полициясы қызметкерлері жыл басынан бері жедел алдын алу шараларын өткізіп, 600-ге жуық «резеңке» мекенжайды анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тіркелген мекенжайда іс жүзінде тұрмайтын 24 мыңға жуық азамат тіркеуден шығарылды. Олардың ішінде әкімшілік ғимараттарға тіркелген азаматтар бар. Ал көші-қон заңнамасын бұзған тұрғын үйлердің иелеріне айыппұл салынды. 

«Айталық, көші-қон қызметі қызметкерлері К.Әзербаев көшесіндегі үйлердің бірінде 2016 жылдан бері 259 адам тұрақты тіркеуге тұрған пәтерді анықтады. Дәл осы пәтерде 289 адам уақытша тіркеуге алынған. Бұған қоса, осы жылдың тамызында ғана «пысық әйел» пәтеріне 154 адамды тұрақты тіркеуге қойған. Пәтер иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бзушылық кодексінің 493-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Отбасының 4 мүшесінен басқа бұған дейін тіркеуге алынған адамдардың барлығы тіркеуден шығарылды», - деді ведомстводан. 

Осыған орай Нұр-Сұлтан қалалық ПД көші-қон қызметі көші-қон заңнамасының бұзылуының алдын алу мақсатында тұрғындарға тұрғылықты жерлеріне дер уақытында тіркелуге шақырады. Мекенжай мәліметтерінде қайшылық болған кезде ХҚКО-лардағы көші-қон қызметінің аумақтық бөлімшелеріне жүгіну қажет. 

Жалпы, 2020 жылдың 9 айында елордада 121 мыңнан астам тұрақты және 30 мыңға жуық адам уақытша тіркеуге тұрды. Статистикалық деректерге сәйкес, соңғы 2 жылда Ақмола, Түркістан, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары елорда жиі қоныс аударатындығы байқалады.