Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатында Бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыс барысында елордада 107,9 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар болғаны анықталды.
«2020 жылы 68 нысанда жалпы қамту сомасы 575,3 млрд теңгені құрайтын 12 аудиторлық шараның қорытындысы шығарылды. Анықталған қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 107,9 млрд теңгені құрады», - деді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев.
Сонымен бірге спикер тексеру барысында қандай бұзушылықтар анықталғанын айтып берді.
«Қаржылық бұзушылықтар – 28,5 млрд теңгені, бюджет қаражаты мен активтерді тиімсіз пайдалану – 27,8 млрд теңгені, тиімсіз жоспарлау – 51,7 млрд теңгені немесе 47,9%-ды құраған. Сондай-ақ, рәсімдік сипаттағы 1 553 және жүйелі түрде жасалған 479 бұзушылық анықталды», - деп нақтылады Иманжүсіл Ақпомбаев.