14 жел, 2020 сағат 09:48

Елорда тұрғыны интернет арқылы синтетикалық кокаин сатып келген

Елорда полицейлері бас қалаға кокаиннің синтетикалық аналогын жеткізушілерді ұстады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан қаласына кокаиннің синтетикалық аналогын жеткізу арнасының жолын кесті. Министрліктің әскери тергеу басқармасының қызметкерлері тұрғындардан есірткі мен психотроптық заттарды сату туралы жедел ақпарат алған. Бас әскери прокуратураның үйлестіруімен, жедел іздестіру шаралары мен үйді тінту барысында күдіктілерден психотропты зат - кокаиннің синтетикалық аналогы тәркіленді», - деді Н. Ораз министрліктің онлайн өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, күдікті интернет ресурстарды пайдалана отырып ескірткіні сатып келген. 

«Тергеу барысында елорданың 32 жастағы тұрғыны Алматыдан психотроптық заттарды жеткізуді және оларды интернет-ресурстарды пайдалана отырып, Нұр-Сұлтанда сатуды ұйымдастырғаны анықталды. Қазіргі уақытта 4 күдікті, оның ішінде 25 жастағы қыз ұсталып, мегаполистегі изоляторға қамалды. ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - дейді ол. 

ІІМ ресми өкілінің мәлімдеуінше, аталған қылмыс үшін жаза мүлкін тәркілей отырып, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.