Қала маңайындағы ауылдың тұрғыны «102» нөміріне хабарласып, өзінің қонай үйде екенін және қолында гранатасы бар жалдамалы кісі өлтіруші екенін мәлімдеген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" елордалық ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексеріс барысында полиция қызметкерлері қауіпті және тыйым салынған заттарды таппаған. Жедел-іздестіру шаралары кезінде граната туралы хабарлаған адам ұсталды. Ол мас күйдегі 40 жастағы ер адам болып шықты.
Тергеу барысында күдіктінің бұрын бірнеше рет сотталғаны және полицияда тіркеуде тұрғаны анықталды.
Айтуынша, ол қонақ үйде таныс әйелмен ішімдік ішкен. Әйелдің алдында өз-өзін көрсету үшін полицияға хабарласып, жауынгерлік граната туралы айтқан.
Аталмыш факті бойынша жалған ақпарат таратқаны үшін күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 274-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Елорда полицейлері жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатыны туралы азаматтардың есіне салады.