Елорда аумағында атыс қаруын, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында «Қару-2020» шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, шара аясында жүргізілген рейдтер барысында газ тапаншасымен жүрген 4 адам ұсталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген газ тапаншалары жарақаттайтын оқпен атуға жарамды болып шықты.
«Сонымен қатар Жиенқұлов көшесі бойында Өзбекстан Республикасының 38 жастағы тумасы тоқтатылды. Оның полиэтилен пакетін қарау барысында шолақ мылтық табылды. Маманның қорытындысына сәйкес, тегіс әрі қысқа ұңғымалы қару 16 калибрлі аңшы мылтығынан қолдан жасалған. Зауыт нөмірі өшірілген және атуға жарамды. Мұнан бөлек, полиция қызметкерлері 20 дана оқ-дәрі тәркіледі», - делінген ведомство ақпаратында.
Жедел алдын ал шарасын өткізу барысында қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар мен құрылғыларды заңсыз дайындау және сатумен байланысты 11 қылмыс анықталды. Оларға қатысы бар тұлғалардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабымен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.