Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Ильинка кентінде иесіз қалған вагоннан мемлекетаралық іздеудегі қылмыскер табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Учаскелік полиция инспекторлары Ильинка кентінде Доспамбет жырау көшесіндегі әкімшілік учаскені аралау кезінде иесіз қалған вагонда ер адамды анықтаған. Тексеру барысында ұсталған 1977 жылы туған адам қараша айынан бастап шартты түрде сотталған ретінде пробациялық бақылаудан жалтарғаны үшін мемлекетаралық іздеуде жүргені анықталды. Биылғы 27 қарашадан бастап, сот осы азаматты мемлекетаралық іздеуге жариялаған болатын», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінен.
Мәлім етілгендей, іздеу салуға Қостанай қаласының Солтүстік полиция бөлімі бастамашылық еткен.
«Ұсталған ер адам қамауға алынды және ПД Уақытша ұстау изоляторына орналастырылды», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, 7 қыркүйектен бастап, Нұр-Сұлтан қаласының аумағында «Учаске» жедел-алдын алу шарасы өткізілді. Оның барысында учаскелік полиция инспекторлары көпқабатты үйлердегі 280 мыңға жуық пәтерді, 85 мыңнан астам жеке және саяжай үйлерін аралады.