09 там, 2022 сағат 14:08

Еліміздегі 2 ЖОО-ға зерттеу университеті мәртебесі беріледі


Еліміздегі 2 жоғары оқу орнына зерттеу университеті мәртебесі беріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Зерттеу экожүйесін қалыптастыру және серпінді технологияларды дамыту үшін 3 жоғары оқу орнын зерттеу ЖОО-ларға айналдыру жоспарланған. Бұл - Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, М. Әуезов атындағы ОҚМУ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді», - деді Саясат Нұрбек. 

Оның дерегінше, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ді зерттеу университетіне трансформациялау бойынша даму бағдарламасы мен қаулы жобасы дайындалды. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың зерттеу университетіне ауысуы бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

«Үздіксіз білім беруді қамтамасыз ету мақсатында өмір бойы оқыту тұжырымдамасы қабылданды. Бейресми білімді тануды қамтамасыз ету үшін біліктіліктің Ұлттық шеңберін өзектендіру пысықталуда», - деді ол. 

Министрдің атап өтуінше, академиялық ұтқырлық бағдарламасы іске асқан 10 жылдың ішінде 17 000-нан астам қазақстандық студент шетелдік әріптес жоғары оқу орындарында білім алды. Осылайша, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында осы бағдарлама бойынша оқудан өткен студенттер саны - 2 320 адамды, 2021 жылы 3 246 адамды құрады.