31 мам, 2021 сағат 10:45

Елімізде жыл басынан бері 150 мыңнан астам отбасы АӘК алды


1 мамырдағы жағдай бойынша 152,3 мың отбасындағы 749,8 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 122,8 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.

Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

1 мамырда АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 181,8 мың бала азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, 112,4 мың отбасындағы 570,5 мың қазақстандыққа 1 мамырға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мемлекеттік инстанцияға жүгінбей-ақ автоматты түрде ұзартылды.

АӘК алушыларға бұдан бұрын, 2020 жылғы II,III және IV тоқсанда ТЖ режимі мен карантин шараларының қолданылуына байланысты көмек тағайындауға өтініш ұзартылды.