18 қаз, 2019 сағат 12:49

Елімізде менингитке қатысты ахуал қандай?

Бас мемлекеттік санитар дәрігер Жандарбек Бекшин елімізде елімізде менингит ауруына қатысты ахуалдың қандай екенін айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі таңда бізде менингококк инфекциясын жұқтыру бойынша 50 жағдай тіркелді. Өткен жылы 83 еді. Яғни, бүгінгі күні менингит жұқтыру деңгейі 47 пайызға азайды», - деді Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Бас мемлекеттік санитар дәрігердің айтуына қарағанда, менингитке шалдығу жағдайы бақылауда. Халыққа төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ.

«Қазақстан бойынша менингитке шалдығудың көпжылғы орташа деңгейі - 2,1 пайыз. Қазіргі уақытта орташа деңгей - 0,2 пайыз. Осыдан-ақ қазіргі уақытта менингит инфекциясын жұқтыру деңгейі қаншалықты азайғанын байқауға болады», - деді ол.