Елімізде көлік жүргізу мәдениеті төмен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Марат Тұяқбаев айтты.
«2013 жылдан бері жол-көлік оқиғалары, соның ішінде жарақат алғандар мен қаза тапқандар саны азайып келе жатқанымен, бейжай қарауға болмайды», - дейді Марат Тұяқбаев.
Ол жыл басынан бері жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан қаза тапқандар саны азайып келе жатқанын айтты.
«Зардап шеккендердің 40%-ы — жаяу жүргіншілер. Жыл сайын жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайлары миллиондап тіркеледі. Бұл - елімізде көлік жүргізу мәдениеті әлі де төмен екенін білдіреді», - дейді ол.
Сондай-ақ, ол тәуелсіздік алғалы елімізде 83 мың адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмғанын айтты.
Еске сала кетсек, бұған дейін ДДСҰ тұрақты өкілі Олег Честнов әлем бойынша жыл сайын 1,5 млн адам жол-көлік апатынан мерт болатыны туралы айтқанын жазған болатынбыз.