2021 жылы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1 жасқа дейінгі бала күтімі үшін 385 мың отбасыға әлеуметтік төлем тағайындалды. Оның 3,5 мыңға жуығы – ер адамдар. Бұл туралы қордың бас директоры Нұрсұлу Кемел айтты, деп хабарлайды Halyq Unі порталы.
Оның айтуынша, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына, яғни бала күтімімен айналысатын ата-анаға әлеуметтік төлем тағайындалады.
«Ол әкесі немесе анасы болуы мүмкін. Мұны ата-аналар өздері ақылдасып шешеді. Бұл төлем бала күтімімен нақты айналысатын ата-ананың біріне беріледі. Мысалы, отбасында бала дүниеге келіп, оған әкесі қараса, ол бұрын жұмыс істесе, оның әлеуметтік төлемді алуға мүмкіндігі бар», - деді Нұрсұлу Кемел ОКҚ-де баспасөз мәслихатында.
Бас директор былтыр қанша отбасы аталған әлеуметтік төлемді алғанына тоқталды.
«Былтыр 385 мың отбасыға 1 жасқа дейінгі бала күтімі үшін әлеуметтік төлем тағайындалды. Оның 3,5 мыңға жуығы ер адамдар. Олар бала күтімімен айналысамын, табысымнан айырылдым, 1 жыл бала қараймын, тиісті демалысымды рәсімдеймін деп шешім қабылдады. Біз оларға шектеу қойған жоқпыз. Оған дәлел ретінде былтыр әкелерге тайындалған 3 мыңнан аса әлеуметтік төлемді айтуға болады. 2021 жылы оның орташа мөлшері 38 мың теңге болды», - деді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басшысы.
Нұрсұлу Кемелдің айтуынша, биыл 6 айда бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шыққан 60 мыңға жуық отбасыға әлеуметтік төлем тағайындалған. Биылғы төлемнің орташа мөлшері – 46 мың теңге.