Күз және қыс маусымы басталғалы бері елдің су айдындарында 16 адам, оның ішінде 5 бала қаза тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
ТЖМ аумақтық бөлімшелері су айдындарда қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін рейд өткізеді. Рейд барысында балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау туралы ақпараттық жадынамалар таратылады. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
Күз-қыс кезеңінің басынан бері 4 512 патруль және рейд өткізілді, судағы жүріс-тұрыс қағидаларын сақтау бойынша 15 769 нұсқаулық жүргізілді.
Күн сайын қауіпті су айдындарда, әсіресе өткелдерде, мұз өтпе жолдарында, мұз астынан балық аулау орындарында мұздың қалыңдығын бақылау жұмыстары жүргізіледі. Ол жерлерде 1 095 ескерту белгісі орнатылған.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша су айдындарындағы мұздың қалыңдығы:
- солтүстік өңірде - 5-8 см.;
- батыс өңірде - 1-3 см.;
- орталық өңірде - 10-12 см.;
- шығыс өңірде - 25-30 см.;
- оңтүстік өңірде - 3-4 см.
Аң және балық аулау маусымы басталғаннан бері (1 қазан - 7 желтоқсан ) елдің су айдындарында 16 адам, оның ішінде 5 бала қаза тапты.
Балық аулау кезінде ережелердің бұзылуынан 11 адам қаза тапты және ересек адамдардың қарауынсыз қалған 5 бала абайсызда суға құлап, суға батып кетті.
Қаза болғандар Ақмола (5 адам), Алматы (3 адам, оның ішінде 2-еуі бала), Жамбыл (2 бала), Қостанай (2 адам), Қызылорда (2 адам), Маңғыстау (1 бала), Түркістан (1 бала) облыстарының су айдындарында тіркелді.