13 қаң, 2021 сағат 10:45

Электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесіне кибершабуылдың жолы кесілді - ҚР ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы мамырда «goszakup.gov.kz» мемлекеттік Интернет-ресурсының жұмысын уақытша тоқтатқан «Электрондық мемлекеттік сатып алу» ақпараттық жүйесіне (Қазақстан Республикасының ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының аса маңызды объектісі болып табылады) үйлестірілген кибершабуыл (DDos типті) фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Көрсетілген кибершабуыл салдарынан жалпы сомасы 164 млрд теңгеге 7901 мемлекеттік сатып алу ауыстырылды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, оның ішінде «ЭҚО» АҚ (электрондық қаржы орталығы) жәрдем көрсетуімен электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде кейіннен артықшылықтар алу мақсатында мемлекеттік Интернет-ресурсқа кибершабуыл жасаған ҚР азаматы анықталды.

Тергеп-тексеру және жүргізілген компьютерлік-техникалық сараптама нәтижелері бойынша адамның кінәсі толық дәлелденді, қылмыс жасау құралдары алынды.

2020 жылғы 22 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен сотталушы ҚР ҚК 207-бабының 2-бөлігі 1-тармағы «Ақпараттық жүйенің немесе телекоммуникация желілерінің жұмысын бұзу» бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге электрондық мемлекеттік сатып алу саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айырумен 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жазаланды.