15 қаз, 2019 сағат 12:03

Электронды денсаулық паспортындағы мәліметтер қалай қорғалады?

Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев пациент құпиясы кибершабуыл мен хакерлерден қалай қорғалатынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ақпараттық қауіпсіздікке келер болсақ, цифрландыру жүйесі қолға алынбай тұрып қағаз түріндегі амбулаториялық карталар мен жазбалар болған. Ол кезде медициналық мәліметтің құпия сақталатыны туралы ешкім кепілдік берген жоқ»,- дейді вице-министр.

Ол цифрландыру жүйесі қолға алынғанға дейін кез келген еден жуушы, техникалық қызметкер науқас туралы кез келген мәліметті көріп, дәрігер жазбасымен танысып, тіпті суретке түсіріп алу мүмкіндігі болғанын айтты.

«Ал цифрландыру деңгейінде бізде қауіпсіздік бойынша 99,6% алтын стандарт сақталады. Сондай-ақ, біз Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірігіп, пациент қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Ай сайын ақпараттық қауіпсіздік бойынша өзіміздің ішкі құрылымда да, сыртқы құрылымда да тексеру жүргіземіз», - дейді Олжас Әбішев.

Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде электрондық денсаулық паспорты енгізілгенін жазған болатынбыз.