Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сауда және интеграция министрліктері электр желісі тіректерінің сапасына қойылатын талаптарды қайта қарауды өтінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Нұрлан Ноғаев мұндай өтінішті әріптестеріне Үкімет отырысы кезінде айтты.
«Биыл 13 наурызда мұзды жаңбыр мен екпінді желдің кесірінен электр сымдары мұзданып, «KEGOC» акционерлік қоғамына тиесілі электр беру желісінің 243 тірегі және «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-не тиесілі электр желісінің 5270 тірегі құлады. Соның салдарынан Түркістан облысының 83 елді мекені электрсіз қалды», - деген ведомство басшысы соңғы жылдары электр желісінің бойындағы діңгектерден жиі ақау шыға бастағанын проблема етіп көтерді.
«Соңғы жылдары табиғат құбылыстарының салдарынан Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің электр желілері жалғанған темірбетон тіректердің бүліну жағдайлары жиілеп кеткенін атап өткім келеді. Осыған байланысты, электр желілерінің қолайсыз табиғи-климаттық әсерлерге сенімділігі мен төзімділігін арттыру үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сауда және интеграция министрліктеріндегі әріптестеріме электр желілерінің тіректері мен олардың конструкциялық элементтерінің сапасына қойылатын қолданыстағы стандарттар мен басқа да нормалардың талаптарын қайта қарау туралы өтініш білдіргім келеді», - деді ол.