24 қаз, 2024 сағат 13:44

Елдос Сметов пен бапкері Ақтөбе облысында тасқын кезінде үйсіз қалған отбасына барды


Фото: gov.kz


Республика күні қарсаңында дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы  Елдос Сметов пен оның бапкері Ғалымжан Жылгелдиев баспаналы болған ақтөбеліктердің қуанышына ортақтасты. Олар Қобда ауданында тасқын кезінде үйсіз қалған отбасына барып, спортпен айналысатын балаларға сыйлық табыстады.

Сонымен қатар ауыл тұрғындарын Республика күнімен құттықтады. Спортшы Jibek Joly телеарнасына берген сұқбатында тасқыннан зардап шеккен тұрғындар жаңа баспанаға ие болғанына қуанышты екенін жеткізді. Елдос Сметов пен Ғалымжан Жылгелдиев көктемгі су тасқыныннан зардап шеккен отбасылардың үйлеріне барды. «Құтты қонақ келді» деп қарсы алған тұрғындардың қуанышында шек болмады. 


«Мемлекет басшысының тапсырмасымен керемет, зәулім баспаналар салынған екен. Сол салынған үйлердің бәрін өз көзіммен көріп, тұрғындармен кездестік. Тұтас, жаңа ауыл пайда болған. «Қиындықта далада қалдырмады» деп тұрғындар рақметін айтып жатыр. Мен өте қуаныштымын», - деді Е.Сметов.

Батырлар мекені атанған Қобдада спортшы жастармен, жасөспірімдермен кездесті. Мұндағы мақсат – жастардың спортқа деген қызығушылығын ояту, оларға жігер беру. Чемпион ауыл жастарына ақыл-кеңесін айтып, жетістікке жету жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Бірінен соң бірі кезекке тұрған болашақ спортшылардың сұрақтарына жауап берді. Елдос Сметов елімізде бұқаралық спорттың дамуына ден қойылып жатқанын атап өтті. 


«Алдымен, баршаңызды ұлттық мерекеміз Республика күнімен құттықтаймын. Егемендіктің арқасында еліміз көркейіп келеді. Олимпиададан кейін алғаш болып Ақтөбе облысына келіп қалдым. Сіздердей спортқа ұмтылған жастарды, жасөспірімдерді көргеніме өте қуаныштымын. Мына спорт кешені керемет екен. Барлық жағдай жасалған. Менің айтарым, мақсатқа жету жолында еңбек, табандылық өте маңызды. Осы қағиданы естен шығармай, еліміздің Туын әлемдік ареналарда желбіретулеріңізге тілектеспін», - деді ол.


Еске салайық, Қобда және Жарық ауылдарында тасқын кезінде су астында қалған үйлердің орнына жаңадан 147 үй салынды.