09 нау, 2023 сағат 17:11

Елде жаппай тәртіпсіздікке шақырғандарға жаза күшейтіледі

Сурет ашық дереккөзден алынды

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жаппай тәртіпсіздіктерге шақырғаны үшін қылмыстық жазаны күшейту мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бүгін Сенатта бірқатар қылмыстар бойынша жазаны күшейтуге арналған заң қабылданды. Соның ішінде жаппай тәртіпсіздіктерге шақырғаны үшін жазаны күшейту мәселесі де бар. Атап айтқанда, енді ондай қылмыс үшін 3 жылдан 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы болады.

Ал телекоммуникация желілері арқылы жаппай тәртіпсіздіктерге шақырғаны үшін 3-7 жыл түрмеге қамайды. Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, заңда митинг туралы ештеңе айтылмаған. Бейбіт митинг пен жаппай тәртіпсіздік екі бөлек нәрсе.

"Заңда митинг туралы бірде-бір сөз жоқ. Екеуін ажырата білу керек. Митинг пен жаппай тәртіпсіздік – екі бөлек ұғым. Қазіргі кезде Қылмыстық кодексте жаппай тәртіпсіздік үшін жауапкершілік бар. Енді, жаппай тәртіпсіздікке шақырғаны үшін, яғни, интернет және басқа да ресурстар арқылы "Барайық! Қиратайық! Бұзайық! Жағайық!" деп үндеу тасталса, қылмыстық жаза қолданылады", - деді Ахметжанов Сенатта өткен брифингте.

Министр бейбіт митингке шыққан адамдардың жауапқа тартылмайтынын да айтты. Бірақ ол жерде біреулер жаппай тәртіпсіздіктерге шақырса, жазаға тартылады.