Қазақстанның "саясат сахнасында" жаңа есім. Кеше ғана «Бірлік» деген атаумен танымал болған партия ребрендинг жасап, «Адал» боп өзгерді. Бұл өзгеріс - Мәжіліс пен мәслихат сайлауының алдындағы күтпеген һәм көп талқыланған оқиғалардың бірі болғаны анық. Осы орайда елдің де, біздің де көкейімізде көп сұрақ туындады.
Ендеше, бүгін біз қайта жаңданып, саяси өмірдегі жұмысына жаңа күшпен оралған ұйым жетекшісімен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз! Мархабат!
- Армысыз, Эльдар Тынышбайұлы! Күні кеше «Бірлік» партиясы атауын өзгертіп, «Адал» атанды. Төрағаның сөзіне сенсек, кәсіби әлеуметтанушылар атауды өзгерту туралы зерттеу жүргізген және онға жуық атаудың ішінен партияның белсенді мүшелері соңында осы нұсқаға тоқталыпты. Яғни, партия бұл шешімді «халықтың таңдауы» деп түсіндіріп отыр. Айтыңызшы, ребрендингтің өзге бір саяси астары бар ма?
- Сөз басында айта кетерім, біздің партияның басты құндылығы - ең алдымен адам капиталы. Сондықтан біз азаматтарымыздың ұсыныс-тілектерін, тұрмыстық, әлеуметтік қажеттіліктерін тыңдауға баса назар аударамыз.
Ал сауалыңызға келсем, иә, кәсіби әлеуметтік сарапшылар тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізді. Олар мұны халықтың жаңаруы мен әділеттілікті талап етуінен туған атау деп түсіндірді. Бұл біздің де ойымызбен үйлесім тапты. Қазіргі қоғамның азаматтары «әділеттілік» ұғымның аясына көп нәрсені сыйғызады. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестен бастап, ұлт тағдырына қатысы бар әрбір істің шешімін қабылдауда ашықтыққа дейінгі дүниелерді атап айтуға болады. Осы іспетті факторлардың барлығын ескере отырып, партияның атауын өзгерту туралы ұсынысымызды саяси кеңес мүшелерінің дауыс беруіне жібердік. Аталған бастама бірауыздан қабылданып, өздеріңізге мәлім тоқтамға келдік.
Сауалнамаға 183 республикалық, облыстық, аудандық және жергілікті маңызы бар барлық қаладан 18 жастан бастап дауыс беру құқығы бар тұрғындар қатысты, ал репрезентативтік іріктеу 10 мыңнан астам адамды құрады.
Жалпы, біз өмір сүріп жатқан қоғамның түйінді мәселелері жетерлік. Біз солардың шешімін табуына үлесімізді қосу үшін осындай зор серпінмен білек сыбана іске кіріспекпіз. Бұл шешімімізден саяси астар іздегеннен гөрі, елдік, ұлттық мұратқа ұмтылыстың көрінісін аңғарған абзалырақ.
- Әлеуметтік желілерден байқағаныңыздай, қоғам ішінде бұған дейін “тасада болған” партия жұмысының қайта жандануын түсінбей, теріс пікір білдіріп, «баяғы жартас - сол жартас» деп сынаушылар да бар. «Партия бастапқыда қандай болды, солай болып қала береді» деген жазбаларды да кездестірдік. «Адалдың» бұл жүрісі, яки саясат сахнасына “қайта оралуы” - сайлау алдындағы біркезеңдік бой көрсету ме, әлде нақты перспективалы саяси амбициялардың көрінісі ме?
- Орынды айтылған сыннан көбінесе көңіл қуантатын нәтиже шығады. Кейде мақсат-мүддесі құйтырқы, теріс пиғылмен немесе «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген сықылды жатыпатарлықпен айтылатын сын да болатынын ұмытпаған жөн. Ал біздің жағдайымызға келсек, әлбетте бұл ұйым ұзақмерзімді саяси дамуға бағыт алуды көздейді. Біздің бүкіл командамыздың қатысуымен жасаған айқын да нақты бағдарламамыз бар. Мұны негізсіз уәделер деуге келмейді. Қараша халықтың бүгінде өзекті деп табылатын қажеттіліктерін шешудің нақты жолдарын ұсынамыз. Бұл сөзіме көпшілік алдағы 16 қараша күні өтетін «Adal»партиясының алқалы съезінен кейін сенімді бола түседі.
Біздің команданың мүшелері шетінен өршіл, еңбекқор және жемісті нәтижеге жұмыс істеуді біледі. Біз саяси додаға жаңа күштерімізбен, идеяларымызбен, шешімдерімізбен және реформаларымызбен шығуға сақадай саймыз. Мемлекеттік бағдарламалардың ел ішінде сәтті және жүйелі жүзеге асуына, бұқараның тұрмыстық, әлеуметтік ахуалының жақсаруына, еліміздің экономикалық, аграрлық секторының қарқынды дамуына, білім, спорт, мәдениет, руханият сынды түрлі салалардың қарышты ілгерілеуіне, ұлттық құндылықтарымыздың жаңғыруына біздің әрбір мүшеміз мүдделі және соған тамшыдай болса да, үлес қоса алатындығына сенімім зор.
- Сіз жетекшілік ететін партияның елдегі басқа саяси ұйымдардан ерекшелігі қандай?
- Біздің ұстанымымыз ашықтық пен жариялылыққа негізделген. Бұл – дамудың даңғыл жолына түскен әрбір мемлекеттегі саяси ұйымдардың ұстанымы. Біз де сондай халыққа жағымды үрдістен жаңылмауды көздейміз. Партия қандай шешімін қабылдарда да тікелей халықпен кеңеседі. Мысалы, біздің ұйымның белсенділері 6,3 мың елді мекеннің тұрғындарын алаңдатып отырған әлеуметтік мәселелер бойынша деректер жинады. Ал ол ауылдарда шамамен 7 млн азамат тұрады.
- Партия құрамы жаңа мүшелермен толыққанынан хабардармыз. Олардың арасында белгілі журналист, спортшы, блогер және қоғам қайраткерлері бар. Бұл - партияны қоғам ішінде танымал қылудың бір әдісі ме, әлде сол қоғамға жақын болудың жолы ма?
- Біз тек өзінің танымалдығына жұмыс істейтін адамдармен қатарымызды «толтыру» мақсатын көздеген емеспіз. Партияның әрбір жаңа мүшесі – елінің болашағы үшін алаңдайтын нағыз патриоттар. Бізді «Әрбір отандасымыз барлық жағынан өркендеуі керек» деген ой біріктіреді. Әр тұрғынның өмір сүру сапасы жақсы болу үшін, ең алдымен жайлы баспана қажет. Содан соң әркімнің керегіне жарайтын заманауи білім, тұрақты жұмыс, жарқын болашақ, лайықты жалақы керек. Осының бәрі біздің партиямыздың бағдарламасында қамтылған. Бәріміздің мақсат-мұратымыз осындай игіліктерге негізделген.
Партияның әрбір мүшесі – өз салаларының мықты мамандары немесе белді мүшелері. Ал олар ортақ істе күш-жігерлерін қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге жұмсағылары келеді.
- «Депутаттыққа үміткер саяси партиялар тізіміндегі әйелдер мен жастардың үлесі 30 пайызды құрауы керек» деген заңнамалық талаптан хабардар боларсыз? Сіз жетекшілік ететін партия 30 пайыздық квотаны толығымен қолдана ма? Жастардың үлесі қанша?
- Әрине! Біздің партия осы талаптарды орындайды. Біздің қатарымызда көптеген жастар бар. Олардың ең кішілері 26 жаста болса, бұрымдыларымыз да аз емес. Әрқайсысының ұсынысы, пікірі, пайымы біз үшін маңызды, әрқайсысымен санасамыз. Біз бүгінгідей трансформация мен турбуленттік дәуірде жастарға ерекше назар аудару керек екенін жақсы түсінеміз. Өйткені олар әр кезеңге немесе уақытқа тез бейімделуге қабілетті. Біз кейінгі буынға елімізді басқаруға, ертеңіміздің тұтқасын ұстауға, туымызды көтеруге мүмкіндік беруіміз керек.
- Жақында өткен съезде партия төрағасы: «Біздің партия әрқашан өз жұмысына орынсыз назар аударудан аулақ болды. Біз барлығының көңілінен шығуды мақсат етпейміз. Біздің партия – нақты істердің партиясы» дегенді айтты. Ендеше, партия қолға алған маңызды жұмыстар мен болашақта жүзеге асырылатын бастамаларыңыз туралы айта аласыз ба? («Adal» партиясы мен Экологтар қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сіз осы құжаттың аясында қандай бастамалар көтергіңіз келеді?)
- Уақыт бөліп, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғыс білдіреміз!