ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен британдық ғалымдар білім саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының делегациясы Ұлыбританиядағы ҚР Елшілігінің қолдауымен Лондонда қор бағдарламаларын жүзеге асыру шеңберінде ынтымақтастық бойынша бірқатар кездесулер өткізді.
Британ кеңесінің, Кембридж университеті ғылыми және білім беру орталықтарының, Қазақстан-Британ қоғамының басшылығымен, Лордтар палатасының мүшелерімен, сондай-ақ қазақстандық докторантар және студенттермен келіссөз жүргізілді.Әсет Исекешев британдықтарға Нұрсұлтан Назарбаевтың екі жаңа бастамасы туралы баяндап берді. Біріншісі – «Ел үміті», бұл талантты балалар мен жастарды қолдау бойынша жаңа жүйе. Екіншісі – «Қамқорлық», мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға бағытталған бастама.
Кездесулер аясында Кембридж университетімен меморандумға қол қойылып, білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру, сондай-ақ Тұңғыш Президент – Елбасы қорының жеңімпаздары мен лауреаттарының стартап-жобаларын қолдау туралы келісімге қол жеткізілді. Мысалы, мықты ғалымдарымен танымал Кавендиш орталығы, робототехника мен инженерия орталықтары қазақстандық жастарға практикалық жұмыстар жасау үшін өз зертханасын ұсынуға әзір. Дәл осы жерден 34 Нобель лауреаты шыққан.
Сондай-ақ қор делегациясы ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық және әлеуметтік оңалту, сондай-ақ инклюзивті білім беру мәселелері бойынша кездесулер өткізді.
Тағы бір басқосу «Chatham House» талдау орталығының қабырғасында ұйымдастырылды. Ол Пенсильвания университетінің жаһандық ондығына кіретін (Global Go To Think Tank Index Report) өте беделді «ми орталықтарының» бірі. Тараптар «Chatham House» және Тұңғыш Президент қоры жанындағы Халықаралық экономика және саясат институтымен (ХЭСИ) ынтымақтастық орнатудың әлеуетін талқылады.
Айта кету керек, Тұңғыш Президент – Елбасы қоры халықаралық әріптестікті дамыта отырып, соның ішінде ғылыми-зерттеу қызметімен айналысу мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. 2018 жылдан бері ЮНИСЕФ, Испания Үкіметі жанындағы Азия Үйі, Korea Foundation, Жапонияның Гои бейбітшілік қоры, Герман академиялық алмасулар қызметі сияқты ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.