Фото: Polisia.kz.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаңтар айында болған жаппай тәртіпсіздіктер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қаңтар оқиғасы бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Бұған дейін атап өткенімдей, ұйымдастырылған тәртіпсіздіктер мен Қазақстанға қарсы шабуылдың мақсаты елдің астаң-кестеңін шығарып, мемлекеттің тұтастығын бұзу болды. Бұл трагедия бәріміз үшін сабақ болды. Осы бүлік пен адам өлтірудің артында кім тұрғанын анықтау маңызды. Тергеу бұл сұраққа жауап беретініне сенімдімін", - деді Назарбаев саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа берген сұхбатында.
Ол құқық қорғау органдары елде дайындалып жатқан тәртіпсіздіктерден неге бейхабар болғанын анықтау қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ Назарбаев қаңтар оқиғасы кезінде ел арасында тараған түрлі қауесетке неге жауап бермегенін айтты.
"Дәл сол сәтте мен үшін түрлі сыбыстарға жауап беру емес, біздің президентке қолдау көрсету маңызды болды. Мен оған Қауіпсіздік кеңесі төрағасының өкілеттігін тапсырдым. Президенттің батыл әрекетінің арқасында жағдайдың одан әрі ушығуына жол берілген жоқ", - деді Тұңғыш Президент.