Киік санын «Охотзоопром» кәсіпорны арқылы реттеуге болады. Бұл туралы ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ғылыми қорытындыға сәйкес, киік санын реттеу оның биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, өкілетті органның мамандандырылған ұйымының күшімен жүргізілуі тиіс. Киік санын реттеу нәтижесінде алынған, табиғи жолмен өлгендерінен жиналған, браконьерлерден және кеденде тәркіленген мүйіздерді өкілетті органның мамандандырылған ұйымына оларды міндетті түрде түгендеу және таңбалай отырып жинауға мүмкіндік беру қажет», - деді ол елордада өткен «Киік популяциясы санын реттеу» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында.
Оның атап өтуінше, комитет киік санын реттеуді бастағанға дейін оларды саны реттеуге жататын жабайы аң түрлері тізбесіне қосуды жоспарлап отыр.
«Біз киіктердің санын бүгінге дейін аңның осы түрін қорғау қызметін орындап келген өкілетті орган – «Охотзоопром» мамандандырылған ұйымның күшімен реттеуді ұсынамыз. Олар - киік дағысы мен миграция жолын білетін жоғары деңгейдегі мамандар. Сонымен қатар «Охотзоопромның» ғана емес, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі аумақтық инспекциялардың, табиғатты қорғау полициясының да бақылауында болуын ұсынамыз», - деді Нұрлан Қылышбаев.