«ECOJER» қауымдастығының бас директоры Рүстем Қабжанов еліміздегі күтілетін климаттық өзгерістер туралы айтты. Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметі хабарлады.
«Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы климаттық өзгерістердің салдарынан жер шөлейттеніп, биологиялық алуандыққа нұқсан келуі мүмкін. Бұл өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық дамуға әсер етіп, басқа да жағымсыз әсерлерге алып келеді», - деді Рүстем Қабжанов елордада өткен әлеуметтік жобалар форумында.
Табиғат жанашыры 2016 жылы Қазақстан Париж келісімін ратификациялап, 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15%-ға қысқартуға міндеттеме алғанын еске салды.
«Парниктік газ шығарындыларының негізгі үлесі энергетика саласына тиесілі. Барлық шығарындылардың 40%-дан астамын осы сала бөледі. Жылу және электр энергиясын өндіру үшін көмір қолданып отырмыз. Соңғы жылдары жаңартылатын энергия көздері белсенді дамығаны рас. Алайда, 1990 жылға қарағанда парниктік газдардың төмендеу үлесі әлі де айтарлықтай емес. Керісінше, 2013-2018 жылдар аралығында шығарындылар көлемі 27,8%-ға өсті», - деді «ECOJER» басшысы.
Сарапшы дамыған елдердің көбі көміртегін тұтыну көлемін азайта отырып дамудың ұлттық стратегияларын қабылдап жатқанын атап өтті. Қазақстан да солардан қалыспай, 2050 жылға дейінгі тұжырымдаманы әзірлейтін жұмыс тобы құрды. Құжатта «жасыл өсім» және ұлттық экономиканы терең карбонсыздандыру шараларын іске асыру көзделген. Дей тұрғанмен, бүгінге дейін елімізде «жасыл энергетикаға» енгізделген ондаған жоба іске асырылды. Республика бойынша жалпы қуаты 1685 МВт болатын 116 жаңартылатын энергия көзінің нысаны жұмыс істейді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша «жасыл» энергия өндірісінің көлемі сағатына 3,24 млрд кВт болып, өндірілген жалпы электр энергиясының 3%-ын құраған.
«Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасының 2020 жылғы нысаналы индикаторына қол жеткізілгеніне қарамастан, парниктік газдарды төмендетуі тиіс жаңартылатын энергия көздерінің үлесі әлі де мардымсыз», - деп түйіндеді Рүстем Қабжанов.