Екі өңірдегі арнайы операция: ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұсталды
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі Қостанай облысында марихуананың көтерме партиясын жеткізумен және өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты (ҰҚТ) құрықтау бойынша ауқымды операция жүргізді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
ҰҚТ-ның 11 мүшесін ұстау екі өңірде - Қостанай және Жамбыл облыстарында жүргізілген. Белгіленген барлық мекенжайда бір уақытта жүргізілген тінту барысында полиция қызметкерлері аса ірі көлемдегі есірткі заттарын, қару-жарақты, ақшаны тәркілеген.
"Қылмыскерлердің бірін тінту кезінде жатын бөлмеден синтетикалық 20 грамнан аса ірі мөлшерде - мефедрон препараты, "УАЗ-Патриот" автомобилінен 20 грамм гашиш алынды.
Үй аумағында қоқыс контейнерінен 30 келі марихуана салынған қап табылды. Оған жақын маңдағы бөшкеде 30 келі марихуана салынған тағы бір қап табылды", - делінген сайтта.
Ведомство мәліметінше, ҰҚТ-ның екінші мүшесінен үйді тінту кезінде балконда сақталған марихуана салынған сегіз пакет тәркіленген. Сондай-ақ, 20 келі марихуана салынған сөмке, электрон таразылар, өлшеуіш стақандар, төрт ұялы телефон, төлем карталары табылғаны айтылды.
"Ұсталған адамның автокөлігінің артқы орындығынан және жүксалғышынан 100 келіден аса марихуана оралған тағы бес сөмке мен 47 пакет табылды. Тағы бір ұсталған азаматтың ауласындағы шаруашылық құрылысынан 30 келі марихуана салынған тағы бір қап тәркіленді. ҰҚТ-ға қатысушы жалғыз әйелден марихуана салынған бес қапшық, электрон таразы, тіркелмеген "ИЖ-17" аңшылық мылтығы алынды. Барлығы 200 келіден аса марихуана, 20 грамм мефедрон, 20 грамм гашиш, қылмыстық әрекетте пайдаланылатын алты автомобиль, пневматикалық мылтық пен тапанша, үш аңшылық мылтық, патрон, 24 ұялы телефон, 18 төлем банк картасы және есірткі сатып алуға арналған миллион теңгеге жуық ақша тәркіленді", - делінген хабарламада.
Қылмыскерлер Жамбыл облысының Шу ауданында кептірілген қарасора мен гашишті көтерме партиялармен сатып алып, оны елдің солтүстік аймақтарына әкеліп сатқан. Қылмыстық топтың әр мүшесінің міндеттері болған. Олардың бірқатары жеткізушілерді іздестіріп, басқалары сақтау мен сатуды, сондай-ақ есірткі тасымалдауды ұйымдастырып отырған. Топтың ұйымдастырушысы және көшбасшысы - Қостанай облысының 35 жастағы тұрғыны.
Сонымен қатар, биыл 21 қазанда адам өлтірді деген күдікпен іздестіріліп жүрген Рудный қаласының 36 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Ұсталғандардың бәрі УҰИ-ға қамалған.
ҚР ҚК-ның 297-бабы 3-бөлігі ("Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған аса ірі мөлшерде есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау не өткізу") бойынша қылмыстық іс қозғалған.