13 қыр, 2019 сағат 13:09

ЕАЭО-да ақпараттық жүйелерді жедел интеграциялау керек - Абылай Мырзахметов

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ЕАЭО елдеріндегі негізгі меморгандардың ақпараттық жүйелерін жылдамырақ интеграциялауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ЕАЭО-ға қатысушы елдер арасында ақпараттық жүйелердің әлі күнге дейін интеграцияланбағаны таңдандырады. Атап айтқанда, цифрландыру, тауарларды таңбалау шарларын айтып жүрсек те негізгі мемлекеттік органдардың ортақ базасы жоқ. Әлі күнге дейін рәсімдер қағаз жүзінде  бекітілуде. Осы орайда көтеріліп отырған бұл мәселеге айрықша екпін қоюға шақырамын», - деді А. Мырзахметов «Атамекен» ҰКП-дағы Қазақстанның бизнес-қоғамдастығымен диалог алаңында болған талқылауда.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік бойынша Алқа мүшесі (министрі) Серік Жұманғарин ЕАЭО аясында сауда ережелерін бұзғандар туралы айтып берді. 

Сонымен қатар ол кәсіпкерлер үшін біраз кедергілер бар екенін және олардың жартысы заңды болса, жартысы  заңсыз екенін атап өтті.  

«Заңсыз кедергілермен қалай күресуге болады? Бұл тұрғыда құзырлы органға шағым түсіріп, ол шағымдар комиссияға шығарылады. Кедергі жасап отырған мемлекетке қатысты шешім қабылданады. Бұл шешімді олар үш айдың ішінде орындауы тиіс. Ал орындамаса, кеңестің қарауына ұсынамыз, мәселе жоғары деңгейде талқыланады», - деді С. Жұманғарин.