18 мам, 2021 сағат 17:26

ЕАЭО аясында азаматтығына қарамастан мүше елдерде жұмысқа орналаса алады


Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағындағы жұмыс берушілер азаматтығына қарамастан, мүше елдерден маман іздестіре алады. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өткен жылдың аяғында Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданған. 

«Жоспар 523 іс-шараны қамтиды және ЕАЭО органдарының 50 халықаралық шарты мен 220 актісін әзірлеуді көздейді. Барлық шаралар кедергілерді жоюға, еркін нарықты қалыптастыру жолындағы бюрократиялық және әкімшілік кедергілерден босатуға бағытталған. Бұл тек тауарларға ғана емес, еңбек күшінің қозғалысына да қатысты болады», - деді Кушукова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Ал бүгін Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінде биылғы 1 шілдеден бастап «Шекарасыз жұмыс» ақпараттық ресурсының іске қосылуы туралы шешімге қол қойылады. 

«Бұл кәдімгі еңбек биржасы, бірақ шекара болмайды. Осы ресурс арқылы ЕАЭО аумағындағы жұмыс берушілер азаматтығына қарамастан, жұмыскерлерді іздестіре алады», - деп түсіндірді спикер. 

Сонымен бірге, вице-министр «Коронавирус пандемиясына байланысты ЕАЭО аумағында жұмысқа тұру талаптары өзгерді ме?» деген сұраққа жауап берді. 

«Дәл коронавирус пандемиясына байланысты жұмысқа тұру мәселелерін реттейтін заңнамамыз өзгертілген жоқ. Қазір мемлекеттер аумағына кіріп-шығу ережелері өзгерді, КВИ теріс нәтижесі бар ПТР анықтамасы сұралады. Біздің Қазақстанда да жұмысқа орналасу үшін әзірге вакциналау паспорты талап етілмейді, ЕАЭО өзге елдерінде де жағдай осындай. ПТР анықтамасынан басқа еш өзгеріс жоқ деп айтуға болады», - деп түсіндірді Кушукова.