Фото: ЖИ\dalanews.kz
Қазақстанда домбыраны ұшақ бортында алып жүруге ресми түрде рұқсат беру жоспарланып отыр. Бұл үшін Көлік министрлігі әуе тасымалы қағидаларына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуде, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрлік мәліметінше, жаңа жоба азаматтардың көптеп түскен өтініштері негізінде әзірленген. Енді алғаш рет нормативтік деңгейде жолаушыларға музыкалық аспаптарды, оның ішінде домбыра мен қобызды арнайы футлярда ұшақ салонына қол жүгі ретінде алып кіру құқығы берілмек.
Алайда белгілі бір талаптар сақталуы тиіс: аспаптың өлшемі 110×35×30 сантиметрден, ал салмағы 10 келіден аспауы қажет.
Жаңа тәртіпке сәйкес, егер жолаушы өзімен бірге тек бір музыкалық аспап — мысалы, домбыра алып жүрсе, ол қол жүгі ретінде тегін тасымалданады. Ал аспап қосымша жүк ретінде рәсімделсе немесе белгіленген нормадан асып кетсе, онда артық салмақ үшін әуе компанияларының қолданыстағы тарифтері бойынша ақы алынады.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл өзгерістер жолаушылар құқығын қорғауды күшейтіп, әуе көлігінде музыкалық аспаптарды тасымалдау тәртібін нақтылауға бағытталған. Құжатты қабылдау 2026 жылдың мамыр айының соңына дейін жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін министрлік домбыраны ұшақ бортында алып жүруге рұқсат беру мәселесі қаралып жатқанын хабарлаған еді.
