Мектеп директорларын ротациялағанда басқа да қызметкерлердің бірге ауысуына тосқауыл қою керек. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ротация өткізген кезде директормен қоса орынбасарларының, есепшісінің, басқа қызметкерлердің бірге ауысуына тосқауыл қою керек. Бұл жайында айттық. Бақылау департаменттері тиісті қадағалауға алсын. Бұл ротацияны бәрін бір мектептен екінші мектепке көшіп баруы үшін істеп жатқан жоқпыз. Осы мәселеге бақылау жүргізу керек. Жалпы, заң аясында барлық жұмыс іске асуы тиіс. Кейбір өңірде «мына мектепке барғым келеді, мынаған барғым келмейді» дейтіндерді естіп жатырмын. Мұны тоқтату керек. Егер «ротацияны түсінбейміз, қабылдамаймыз» десе, ондай кісілермен еңбекшартын тіпті тоқтату қажет», - деді министр ведомствоның аппарат жиналысында.
Асхат Аймағамбетов ротация өте маңызды тетік екендігін баса айтты.
«Бірақ, екі мәселеге назар аудару қажет. Біріншіден, ротация жүргізген кезде орынбасарларын, есепшілерін өзімен бірге алып жүрмеу, екіншіден, объективті көзқараспен, заңнамаға сай ауыстыру қажет. Бұл жерде әртүрлі тәуекелдерге жол берілмеуі тиіс. Заң бұзушылықтар болса, дер кезінде шешім қабылдауымыз керек», - деді ол.