Ішкі істер министрлігінің видеосынан кадр / Tengrinews.kz
"Дикий Арман" лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің қамауға алу мерзімі 7 сәуірге дейін ұзартылды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Жұмагелдиев Алматыдағы ҰҚК уақытша ұстау изоляторында қамауда. Оның қамауға алу мерзімі 7 сәуірге дейін ұзартылды", - деді Бас прокуратура Tengrinews.kz сайтының ресми сауалына берген жауабында.
Бас прокуратура мәліметінше, Жұмагелдиев келесі баптар бойынша күдікті ретінде қамауға алынған:
- 287 Қылмыстық кодекстің 4-бөлігі "Ататын қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды адамдар тобының алдын ала сөз байласу бойынша немесе бірнеше рет заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру";
- Қылмыстық кодекстің 272-бабы "Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу", күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ билік өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыру;
- 126 ҚК-нің 3-бөлігінің 3-тармағы өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып "Адамды бас бостандығынан заңсыз айыру".