Фото: Tengrinews.kz
Бас прокуратура "Дикий Арман" атымен танымал Арман Жұмагелдиев қанша рет және не үшін сотталғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Алғаш рет Жұмагелдиевті 2005 жылдың 1 тамызында Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық соты мына баптар бойынша жауапқа тартқан.
ҚК-нің 251-бабы 2-бөлімі (1997 жылғы редакциясы) алдын ала сөз байласу арқылы немесе бірнеше рет адамдар тобы жасаған "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру";
ҚК-нің 251-бабы 4-бөлігі (1997 жылғы редакциясы) "Қанжарларды, финдік пышақтарды немесе басқа да суық қаруды заңсыз алып жүру немесе өткізу";
ҚК-нің 257-бабы 2-бөлігі, "а" тармағы (1997 жылғы редакциясы) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ жасаған "Бұзақылық";
ҚК-нің 104-бабы 2-бөлігі, "д" тармағы (1997 жылғы редакциясы) "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру";
ҚР ҚК-ның 58-бабы 1-бөлігі (1997 жылғы редакциясы) "Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау".
Оған Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, бір жыл сынақ мерзімімен үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деді Бас прокуратура Tengrinews.kz сайтының ресми сауалына берген жауабында.
Екінші рет Арман Жұмагелдиев нақты мерзімге қамалған. 2009 жылғы 18 ақпанда Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының үкімі бойынша Жұмагелдиев ҚК-нің 259-бабы, 1-1-бөлігі аса ірі мөлшерде "Есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу" бойынша, 251-баптың 1-бөлігі бойынша үш жылға бас бостандығынан айырылған.
"Жазасын өтеу кезеңінде ол мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына топтасып бағынбауды ұйымдастырды және оған белсенді қатысты. Осыған байланысты Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2011 жылғы 30 қарашадағы үкімі бойынша ҚК-ның 360-бабы, 3-бөлігі (1997 жылғы редакциясында) "Мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына топтасып бағынбауды ұйымдастыру" бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды", - деді Бас прокуратура өкілдері.