23 қыр, 2021 сағат 20:38

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, академик: ЛАТЫН ӘЛІПБИІН ОДАН ӘРІ СОЗА БЕРУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ


Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әліпбиін (алфавит) құрастыруы тіліміздегі үлкен серпіліс болатын. Ғалым осы еңбегі арқылы қазақ халқының тез сауаттанып хат тануына, оқу-білімге деген құштарлықтарының оянуына ерекше ықпал еткені белгілі. А.Байтұрсынұлы жасаған әліпби қазақ жазу тарихындағы ұлы жаңалық болды. Ғалым: «…һәр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін, басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, онан соң басқаша оқытуға тиіспіз» деген еді. А.Байтұрсынұлы жазуы дамымаған ұлттың артта қала­тынын, оның қоғамдағы қажеттілігін және адам өміріндегі маңызын өзінің шығарған оқулықтарында үнемі ескертіп отырады. Жазу – кез келген халықтың рухани деңгейі мен мәдени дамуын көрсететін негізгі құрал. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 21 қазандағы латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөнінде тапсырма бергенін атап өткеніміз жөн. Биыл латын әліпбиінің соңғы нұсқасы таныстырылып, жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023-2031 жылдары аралығына жоспарланды. Біз осы орайда ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы Дихан Қамзабекұлына латын негізді қазақ әліпбиіне қатысты бірнеше сұрақ қойған едік.

 

– Әңгімемізді латын негізді қазақ әліпбиіне көшудің тиімділігінен бастасақ...

– Біздің өз ­тарихымызда, мәселен, филология тарихында әліпбиге көшу, әліпбиді пайдалану деген ұғым бұрыннан бар. Мұның талай тәжірибесін бастан өткергенбіз. Осы үдерістің саяси да, амал­сыздық та  мәселелері болды. Сондай-ақ стратегиялық сипаты бар. Мен қазіргі «латынға көшуді» сол стратегиялық, елдік мәселелердің аясында қарағанды дұрыс санаймын. Міне, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болады. «Отыз жылдың ішінде бізге қандай бағыт, қандай ұстаным керек? Біз нені түзетуіміз керек?» деген ойға келетіндей, өз тарихымыздан сабақ алатындай кезеңде тұрмыз. Бұл сабақ қандай? Біз кезіндегі әліпби айтыстарының деңгейіне қарай білуіміз қажет. Осы әліпби айтыстарына Ахмет Байтұрсынұлы сияқты үлкен тұлғалар қатысқан. Бұл айтыс ішінде олардың не үшін жүргенін жалпы филология тарихынан хабардар азаматтар жақсы біледі. Сол әліпби айтысында, Алаш кезеңінде «араб негізді төте жазу қазақ тілінің заңдылығына байланған, қазақ тілінің мүмкіндігін көрсете алады» деген позиция болды. Ол сол заманда өте анық, айқын және еркіндікті танытатын ұстаным еді.

Екі арада қандай дүрбелең болып кеткенін өздеріңіз білесіздер. Латын мен кирилл арасында қаншама тілдің заңдылықтары жұлмаланды. Тілдің табиғи өсуіне көп зиянын тигізді. «Бұған мына тілші, мына ғалым кінәлі» деп айтуға оңай. Бірақ, шындығында, ол амалсыздық еді. Оларды мәжбүрледі. Яғни олардың функциясын соған тіреп қойды. Бүкіл орыс әліпбиін ойымызға, танымымызға сіңіру үшін осының бәрінен өту керек болды. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» дегендей, сонымен күресіп жатқан жағдай бар. Ал, енді Алаш зиялыларының танымы тұрғысынан қарасақ, бүгінгі латын негізді қаріпке көшуіміз тілдің табиғи дамуына мүмкіндік туғызатын жол деп ойлаймын. Егер тіпті әлеуметтік сауалнама жүргізсек те халықтың көп бөлігі, кемінде 70-80 пайызы жаңа латын текті әліпбиді қолдайтынына шүбә жоқ.

– Соңғы ұсынылған нұсқа бойынша не айта аласыз? Жетілген жаңа жобаның ерекшеліктері қандай?

– Мен филолог-әдебиетшімін. Қазақ тілі мен әдебиеті деген мамандық тұрғысынан қарағанда, соңғы жобаға алдыңғы жобалардан сабақ алынған, солардың кейбір қателіктерін түзет­кен жоба ретінде қараймын. Біз гуманитарлық ғылым аясынан қараймыз. Ішкі нәзік ғылыми проблемалар болуы мүмкін. Оны қазіргі тілшілердің айтысынан көріп отырмыз. Бұны жоққа шығаруға болмайды. Бұл – табиғи үдеріс деп ойлаймыз. Сондықтан бұл әрі қарай нормаланады, әрі қарай ғылыми жүйеленеді. Қазіргі жобаны сол тұрғыдан қолдаймыз. Ойлаңыздаршы, қаншама уақыт берілді. Бірінші жобадан бері қаншама уақыт өтті. Тура осы кезеңде тілші-ғалымдар өз ішінде шеше алмаған мәселені енді ұзаққа созуға болмайтынын уақыт көрсетіп отыр. Ғылым тұрғысынан байыптасақ, фонология, орфография, грамматология деген қағидаттар бар ғой, сол өлшеммен қарасақ, бәрібір соңғы жоба ғылымның, әліпби дамуымыздың жаңа кезеңін көрсетеді. Оның әрі қарай салалануына, мысалы, белгілі бір әріптерге байланысты дау туса, нормалану үдерісі жүйелейді. Мүмкін кейбір әріп өзгереді. Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуында да солай болған. Қайсыбір әріп бойынша дау да туған. Бұның барлығы да біздің кезеңнің рухани, ғылыми дамуын көрсетеді. Бұдан бір трагедия жасаудың керегі жоқ.

– Бұған дейін тіл мамандары А.Байтұрсынұлы ұсынған араб негізді әліпбиге негіздеп, бірақ соны латын негізінде жасайық деген ұсыныстар айтып жүрді ғой. Латын негізді әліпбидің соңғы нұсқасы соған сәйкес келе ме?

– Жүзге-жүз келмейді. Ахмет Байтұрсынұлының кезінде ғылымдағы фонетикалық, грамматикалық принциптер сол кезеңге сай жүзеге асты: алғашқы жазуымызда қалай естілсе, солай жазу принципі байқалады. Біз қазір «Қаныш Сәтбаев» деп қолданылатын аты-жөн «Сәтпайып», «Сәтпайев» делінді. Сосын түбірін сақтап, сол мағынасын жазатын да уақыт болды. Нормалану кезінде мұны біздің қоғам қабылдай алады ма? Оны қабылдай отырып, көп дыбыстық мүмкіндіктерімізді жойып алмаймыз ба? Алдағы уақытта осы мәселе реттеледі ғой деп ойлаймын. Ал, ең басты нәрсе – «не ұтамыз?» деген сауал. Әрине, бірінші ұтқан нәрсеміз – өздеріңіз де көріп отырсыздар, бізге жат әріптердің бәрі кетті. Екінші бір кезеңдегі Еуропадан енген сөздерді өз дыбыстық жүйемізден табуымыз да – бір жаңа қадам. Еуропада қалай жазылады соны түбір негізінде сақтап жазу деген сияқты. Осыған дейін бізге көп дүние Ресейдің мәдени кеңістігі арқылы өтті. Сол принциптерден де құтылып жатырмыз. Бұның барлығы да жаңа бір тың жол ашып жатқандай көрінеді.

– Енді қазақ әліпбиінің төл әріптерінің сақталуы туралы ойыңызды білсек...

– Біздің әріптеріміздің барлығы – төл әріп. Тоғыз әріп немесе Ғ, Ұ деген әріптер ғана төл әріп дей алмаймыз. Біздің Б-ны орыстар ешқашан бізше ­айтпайды. Біздің С-мызда басқа, олардың С деп қолдануы да өзге артикуляцияда.  Қазір ұсынылып отырған 31 әрпіміз болса, Ахмет Байтұрсынұлы белгілеген  28 әріптің бәрі де – төл әрпіміз. Төл дыбыстар, төл әріптер, таңбалаудың төл жүйесі. Сондықтан бұл мәселеде ешқандай бұра тартушылық болмайды ғой деп ойлаймын. Ұсынып жатқан нұсқаның ішінде Ұ-ға, Ш-ға байланысты мәмілелі нұсқа өтті. Сондықтан бір кезде осыған байланысты ғалымдардың өзара пікірталасына нүкте қойылды. Сонымен бірге  фонологтардың арасында У-ға байланысты «дауысты, дауыссыз У» деген  ұстаным бар.  Осы дүниелердің барлығы да  бірте-бірте ретке келуі тиіс. Бұл енді уақыттың еншісінде. Ал жаңғырған әліпби  бәрібір жаңа  күйде, жаңа қалыпта әрі қарай дами береді.

– Латынға көшу барысындағы әдебиеттің аударылу жұмыстары қалай болмақ?

– Ол өте оңай жұмыс. Одан ешқашан шошымау керек. Біз ақпараттық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Бұл – бір тетікті басып қалса аударылатын нәрсе. Ең бастысы электронды нұсқасы болуы керек. Тек қиындататын нәрсе – орыстан енген сөздер.  Ал қазақ тілінің заңдылығымен енген сөздер ешқандай проблема болмайды.  Мысалы, Конституция орыстың «ция» деген жұрнағымен енді ғой. Дегенмен, бір жүйеден екінші жүйеге реттейтін, қалыптандыратын бағдарлама бар, оның да шешімі табылады. Мәселен, орыс тілінде бір сөзді қате жазып жатсаңыз, «мына сөз қате басылды» деп шығып тұрады. Біз де ақпараттық жүйеде осындай жетістікке жетуіміз керек. Сонда адам өз қатесін өзі түзететін болады.

– Расында, бұған дейін клавиатураның бар мүмкіндігін пайдалану туралы мәселе көтеріп жүрдіңіз. Қазіргі латын негізді әліпби оған әбден негізделді ме?

– Қазір «клавиатураның  барлық мүмкіндігі»  деген нәрсе бірінші ұстаным болды ғой. Енді клавиатураға бәрібір жаңа әріптер енгізіледі. Біздің Ш, Ң сияқты, басқада бірнеше әріп бар. Мысалы, піл тұмсықты Ң болашақта қабылданып кете ме, жоқ «Н» үстіне бір таңба қоямыз ба – оны уақыт реттейді. Ал біздің тілші-ғалымдардың айтуынша, Ң-ның бөлек болуы, бөлекше жазылуы осы әріпті айта алмайтындар үшін өте қажет. Ондай бірлі-жарымды мәселе шешіледі.

– Яғни бұл әліпби «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді ғой?

– Сәйкес келеді. Әр дыбысты бір таңбамен таңбалау, әр дыбысқа бір әріп деген ұстаным қолданылып отыр. Біз Ғылым академиясында қызмет істеп жүргенде, 1992 жылы латын әліпбиі мәселесі көтерілді. Академик Ә.Қайдаридың тұсында латын негізді жаңа әліпби жобасы жасалды. Содан кейінгі бір нұсқа «бізді түркі дүниесімен жақындастырады»деп ұсынылды. «30 жылда тілші-ғалымдар не істеп отырды?» деп кінә тақпау керек.Тіл білімі институты көп жұмыс істеді. Бұл жерде ақпараттық технологияға бейімдеуде дау туындады, мәселе – сонда. Әйтпесе, А.Байтұрсынұлы институты ұзақ жылдан бері өз нұсқасын жетілдірді. Соңғы жылдардағы нұсқаларда институт ғалымдарының қатыстырылмағаны да көрініп тұрды. Олар әлеуметтік желіде өз нұсқасын ұсынды. Біз осыған дейінгі нұсқаларды «техникалық алфавит» десек болады. Содан кейін ғалымдар «жаңғырту керек» деген хаттар жазды. «Халық үніне құлақ асатын үкімет» оны есітті.

– Жалпы алғашқы жобаларда тілші-ғалымдардың қатыстырмалуы, әртүрлі  әлеуметтік топ өкілдеріне тапсырылуы неліктен деп ойлайсыз? Уақыттан ұтылған жоқпыз ба?

– Тілші қатыспады деп айта алмаймын, тілшілер болды. Бүкіл мамандар жүрді. Бірінші мәселе әйтеуір алфавитті қабылдатуға асығу болды. Бұны жаман ниет деп айта алмаймыз. Алфавитті қабылдады, себебі уақыт өтіп бара жатты. Біздің алфавитіміз қабылданса да, қабылданбаса да жүрегі ауыратын, соған қарсы түрлі ақпараттық соғыс ашуға дайын тарап бар. «Саяси амал» да сол мәселені орайлы реттеуге бағытталды. Бұл – өте маңызды нәрсе.

– Жаңа әліпбиге кезең-кезеңіме көшу 2023-31 жылдар аралығында жоспарланып отыр ғой. Бұл ұзақ уақыт емес пе?

– Бұған қатысты өз пікірім бар, яғни мұны осыншалықты созуға болмайды. Адамзат тәжірибесінде әліпбиге асықпай көшу 10-12 жылдай уақытты алады. Ал 1928-1929 жылдары латынға көшу олай жүрмеген, бірер жылда көшіп кеткен. Сондықтан мұндай мәселеде екі тәжірибені де ескеруіміз керек. Аға буын осы әліпбимен жүре береді, ал жастардың тез қабылдайтынын ескеруіміз керек. Кешегі Ғабит Мүсіреповтер дүниеден өткенше бүкіл романдарын төте жазумен хатқа түсірді. Оны машинкада терімшілер бірден кирилл қарпінде түсіріп отырды. Сол сияқты аға буын бұрынғы жазумен жаза береді. Ал ресми жазу – тезірек көшетін дүние. Мүмкіндігінше тезірек көшкен сайын, іс-тәжірибеде дау-дамай тез реттеледі, сөйтіп нормалану уақыты жылдам жүзеге асады. Одан шошудың қажеті жоқ.

– Сонда соңғы нұсқаны нақты шешім ретінде қабылдай аласыз ғой?

– Иә, мен соңғы нұсқаны қолдаймын. Енді созудың қажеті жоқ. Тілші-ғалымдардың ауызбірлікте болуын қалаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!


P.S.

Бүгінгі таңда ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлы анықтаған дыбыстық жүйенi ұстану керегін алға тартып отыр. Қазақ тiлiнiң грамматикасы мен емлесiн (орфографиясы) бiр iзге түсіру жолында көптеген еңбек атқарылып жатқаны белгілі. Соның ішінде қазiргi заманғы ғылым тiлiнiң ағылшын екенiн, сондай-ақ латын графикасын түркі әлемі түгелдей қолданып отырғанын ескеріп,  А.Байтұрсынұлының әлiпбиiн дәл сол қалпында, тек латын графикасымен белгiлеуiмiз қажет. Тіл мамандары сонда ғана қазақ жазуында үндестiк заңы үстемдiк ететiн әлiпби пайда болатынын айтып жүр. Көзі қарақты оқырман тіл мәселесіне келгенде үнсіз қалмайтыны белгілі. Ең бастысы, латын негізді қазақ әліпбиі қарапайым халық үшін қолайлы болса болғаны.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ