Мәжіліс депутаты Сырым Ертаев балалардың көпқабатты үй терезесінен құлау жағдайлары жөнінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярға сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Депутат ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметін келтіріп, соңғы бес жылда Қазақстанда 140-тан астам бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап мерт болғанын айтты. Тек осы жылдың 1-ші тоқсанында ғана 9 жағдай тіркелген, оның 1-і қазамен аяқталған.
«Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында 2016 жылы туған бала үлкендердің қарауынсыз қалып, бесінші қабаттағы пәтер терезесінен құлап, сол жерде қайтыс болды. Екінші жағдай Таразда, 7-шағынауданда болған. Қараусыз қалған 2018 жылы туған бала бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатының терезесінен құлап, ауыр жарақат алған», - деді С. Ертаев Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, көптеген елдердің заңнамасында балалар орналастырылатын ғимараттың терезелеріне шектегіштер қою міндеті бекітілген. Оларға аурухана, мектеп және балабақшалар жатады. Басқа елдерде терезелер өндірісінде міндетті түрде шектегіштерді орнату қарастырылған.
«Бізде, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының бұйрығымен тұрғын үй терезелерінен балалардың құлап кетпеуі үшін қауіпсіздік құлыптарын орнату бойынша міндетті талаптар енгізілген. Бірақ, бұл ереже 2018 жылдан бастап пайдалануға берілген жаңа ғимараттарға ғана қатысты. Бұл ретте, бұрын салынған ғимараттарға осы стандарттың талаптары еш сәйкес келмейді. Тіптен қазір беріліп жатқан жаңа үйлерде де бұл талаптар орындалмауда. Сондықтан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауыңызды сұраймын», - деді Сырым Ертаев.