21 сәу, 2021 сағат 17:55

Денсаулық министрлігі медициналық костюмдерді сатып алу фактісі бойынша тексеру жүргізуде

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерге құрылысқа арналған қорғаныс костюмдерін сатып алу фактісі бойынша тексеру жүргізуде. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында журналистер вице-министрге Алматы қаласында дәрігерлерге сатып алынған жеке қорғаныс заттарына қатысты дауға байланысты сауал қойған болатын. Есте болса, Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы Жандарбек Бекшин 90 млн теңге сатып алынған жеке қорғаныс заттарының сапасыз екендігін айтқан еді. 

«Бұл оқиғаға қатысты жеке тексеру жүргіземіз. Ал жалпы жеке қорғаныс заттары төңірегіндегі жағдайға қатысты айтар болсам, біздің бастамамызбен аталған материалдар сот сатысына берілгенін білесіздер. Бұған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің аумақтық басқармасына тиісті хат жөнелтілді. Қазіргі уақытта бұл мәселеге қатысты қабылданған сот шешімі өкінішке орай департамент пайдасына берілмеді. Бүгінде аталған шешімге дауласу жұмысы жүргізіліп жатыр. Соттың соңғы шешімі қабылданғанан кейін сол шешімге байланысты тиісті іс-шаралар қабылданатын болады», - деді Ерлан Қиясов.