Дені сау адам фидия садақасын беріп, оразанның парызынан құтыла алмайды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жалпы, дінде фидия садақа деген бар. Бұл ретте мынаған жақсылап назар аударуларыңызды сұраймын. Кейде түсінбей, ораза ұстамаған адам қаражат берсе бола ма деп жатады. Олай емес, негізі ораза - денсаулығы дұрыс, балиғат жасқа толған әрбір адамға міндеттелген құлшылық. Кім балиғат жасына толса, денсаулығы жараса, өзі оразасын ұстауы керек. Фидия садақасы бір жағдайда ғана беріледі. Яғни, ораза ұстауға денсаулығыңыз жарамай қалса немесе жасыңыз ұлғайып, әлсіреген кезде болсаңыз, фидия садақасын бересіз. Онда да жағдайыңыз келсе ғана. Демек дені сау адам фидия садақасын беріп, оразада құтылдым деуіне болмайды», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.