28 мам, 2021 сағат 14:54

Декретте отырған мұғалімге мектепке оралу үшін сертификат алу қажет пе?



Биылдан бастап мектепке жұмысқа тұратын мамандар кәсіби шеберлігі бойынша сертификаттаудан өтеді. Алайда бұл талап бұған дейін сабақ берген, бірақ қазір декретте отырған аналарға қатысты емес. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.


"Биыл мектепке жұмысқа қабылданатындардың бәрі сертификат алуы керек деп жатыр. Мен үш жыл бойы декретте отырдым, жұмыс істеген жоқпын. Сонда бұл сертификатты мен де алуым керек пе?", - деп сұрады декреттегі мұғалімдердің бірі министрден.


"Бұл - сіздерге қатысты талап емес. Егер сіз декретте болсаңыз, мектепке оралып, әрі қарай жұмысыңызды жалғастыруға болады. Сіздерден ешкім ешқандай жаңа сертификат талап етпейді", - деп жауап берді Аймағамбетов халыққа есеп беру кездесуінде.

Ол сертификаттау оқу орнын енді ғана тәмамдаған түлектерге арналған талап екенін атап өтті.


"Егер ол жақсы білім алса, білікті маман болса, университетті бітірген бойда ұлттық біліктілік тестін тапсыру оған еш қиынға соқпайды. Төрт жыл бойы педагогикалық мамандық бойынша оқыған адам оны еш проблемасыз тапсырады. Тапсырғаннан кейін сертификатын алып, мектепке барады. Өзінің шын мәнінде теория жүзінде ғана емес, тәжірибеде де сабақ өткізе алатынын көрсетеді. Бірақ бұл биыл жоғары оқу орнын бітірген және бұған дейін мектепте ешқашан жұмыс істемеген, жұмысқа енді кіріскелі жатқан әріптестерге қойылатын талап", - деп түсіндірді министр.


Аймағамбетов сертификаттаудағы ең басты мақсат – мектептерде білім сапасын көтеру екенін айтты.


Бұған дейін 2021 жылдан бастап педагогикалық мамандық бойынша жұмысқа алғаш рет тұру үшін үміткерлер кәсіби шеберлігі бойынша сертификаттаудан өтетіні хабарланған еді. Яғни дипломға қоса тиісті квалификация алу міндеті енгізіледі.


Сондай-ақ, педагогтер жұмысқа конкурс арқылы қабылданады. Ол толығымен электронды форматта жүреді.