28 мам, 2021 сағат 18:48

Дәурен Абаев: Алтын Орда медреселері дін мен ғылымды қатар оқытқан


«Ұлық Ұлыс - Алтын Орда: бастауы, тарихы және мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев Алтын Орда өркениеті дін мен ғылымды бір-біріне қарсы қоймай дамытқаны туралы деректер келтірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алтын Ордада мемлекеттік басқару мен логистиканың тиімді жүйесі құрылғаны тарихтан белгілі. Соның бірі – жәмшік қызметі. Ол кейіннен бірнеше ғасыр бойы Ресейде кеңінен қолданылды. Сондай-ақ «даруға» деп аталатын азаматтық әкімшіліктің жүйелі жұмысы да осыған мысал бола алады», - деді Президент әкімшілігінің өкілі. 

Сондай-ақ, ол Алтын Орда империясында қалыптасқан ғылым-білім ғұрпы соңында қалған мемлекеттерге үлкен мұра қалдырғанын айтты. 

«Өзбек пен Жәнібек хандардың билік құрған уақытында Алтын Ордаға көптеген елден ғалымдар ағылып келіп жатқаны көпшілікке аян. Сонымен бірге қаншама медреселер салынып, ол жерде тек діни ілім емес, математика, медицина және басқа да ғылымдар үйретілген», - деді Дәурен Абаев. 

Оның пайымынша, қазір Еуразия кеңістігіндегі елдердің қоғамды ұйыстыруға пайдаланып отырған диалог мәдениеті де сол кезеңнен мұра боп жеткен.

«Еуразия кіндігінде орын тепкен алып империя – Алтын Орданың құрамында о бастан-ақ тілі, діни сенімі мен салт-дәстүрі әртүрлі халықтар өмір сүрді. Олардың екі ғасыр бойы бір мемлекетте бірге тіршілік етуі диалог мәдениетінің, рухани байлықтың және өзгеге деген құрметтің көркем үлгісіне ұласты.Этносаралық қатынастарды реттеу, біртұтас азаматтық ұлт құру ісінің қазақстандық моделінен Алтын Ордалық қағидатты көруге болады. Мұнда бірлік – біркелкілік дегенді білдірмейді», - дейді Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары.