© Photo: Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болаттың әскери бөлімнен қашып кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Айтуынша, ол әскери қудалау органдарының шешімімен қолбасшылықтың бақылауында болған. Гаупвахтадан шығып, әскери бөлімге келе жатқанда өз еркімен кетіп қалған.
"Тәртіптік жарғыға сәйкес, ол жазаланады. Қайталап айтамын, әскер - жас қылмыскерлерді қамауда ұстайтын колония емес. Біздің функциямыз мүлде басқа. Бұл – тәрбиеден кеткен олқылық. Біз оны түзете алмаймыз. Біздің функциямыз басқа.
...Оның әскери бөлімнен кетіп қалуына жол берген офицерлер тәртіптік жазаға тартылады. Ал әскери қызметшіге қатысты жазаны сот анықтайды. Гауптвахтаға қамалуы мүмкін", - деді Жақсылықов Үкімет кулуарында.
Еске сала кетейік, кеше Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашып кеткені туралы ақпарат тарады. Қатардағы жауынгер Б. Қонаев гарнизонының әскери бөлімінде қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін әскери бөлімнің орналасқан жеріне қайтып бара жатқан кезінде белгісіз бағытта кетіп қалған.
Ол бұйрыққа бағынбай, оны орындамағаны үшін гауптвахтада ұстау түрінде әкімшілік жауапқа тартылған. Әскери бөлімге әскери қызметшімен бірге қайтып бара жатқан.
Көп ұзамай Қорғаныс министрлігі әскери қызметшінің табылғанын хабарлады. Ол қызмет атқаратын орнына жеткізілді. Аталған факті бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
Айта кетері, Дәулет Тұрлыханов – сегізінші сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты.