Алматы дәрігерлері көшедегі дәретханадан табылған сәби мен оның анасының жағдайын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Дәрігерлердің айтуынша, cәбидің 17 жастағы анасы 25 тамызға қараған түні №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Гинекологқа қаралған соң және зертханалық тексерістерден кейін оған "21-22 аптада ауруханадан тыс түсік тастау" диагнозы қойылған.
"Науқас гинекология бөліміне жатқызылды. Қазір оның жағдайы орташа ауыр. Тұрақты. Гемодинамикасы тұрақты. Толық ем мен тексерістен өтеді", - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы өкілі.
Сәби балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген. Ол бірден жаңа туған нәрестелерге арналған жансақтау бөліміне жатқызылған.
"Қазір ағзасы салқындағанына байланысты баланың жағдайы өте ауыр, бірақ тұрақты. Құрысу, құсу және температура болмады. Сәбиге 30 миллилитр көлемінде балаларға арналған тамақ беріп жатырмыз, оның 20 миллилитрін өздігінен қабылдайды, ал қалғанын назогастраль түтік арқылы береміз. Ол жансақтау бөлімшесінде ем алады", - деді бас дәрігер орынбасарының міндетін атқарушы Тоқтар Құрметбек.
Еске салайық, оқиға Түрксіб ауданында болған еді. Кәмелетке толмаған қыз түсік тастағаны туралы хабардан кейін полиция қызметкері Нұржан Шатунов оқиға орнына барып, оны тексеруге шешім қабылдаған.
"Қыздың анасынан оқиғаға дейін оның көше дәретханасында біраз уақыт болғанын білдім. Ішінен қан іздерін таптым. Шам жағып қарасам, баланы көрдім. Ол тыныс алып жатты. Осы кезде Криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі полиция лейтенанты Ғазиз Хамаскалиев бастаған жедел-тергеу тобы келді. Дәретхана еденінің ағаштарын тез арада бөлшектеп тастадық. Әріптесім Ғазиз төмен түсіп, көйлегіне баланы орап, мұқият шығарып алды. Содан кейін бала жылады", - деді құқық қорғаушы.