Әлемнің 20 елі Украинаға көмектің жаңа пакетін ұсынуға дайын. Бұл жөнінде 23 мамырда Украина контакт тобының онлайн-кездесуінде АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин хабарлады, деп жазады Азаттық.
Дания кемеге қарсы қолданылатын қазіргі заманғы "Гарпун" қанатты зымыранын береді. 150-200 шақырымдағы нысанаға жететін бұл зымыран, Ресей флоты бұғаттап тұрған Одесса портын қорғауға көмектеседі.
Кездесуге қатысқан 47 елдің өкілдері қазіргі жағдай әлемде азық-түлік дағдарысын тудыруы мүмкін екеніне алаңдады. Америка генералы Марк Миллидің сөзінше, "Гарпун" зымыраны коммерциялық тасымалды іске қоса алмағанымен, Одесса портына Ресей теңіз десантын түсірмеуге септігін тигізеді.
Остин сөзінше, өзге де елдер "артиллериялық оқ-дәрі, жағалау қорғанысы жүйесін, танкілер мен басқа да беренді техника" бере алады. Мұнан өзге Украина контакт тобына қатысушылар Украина жауынгерлерін оқытуға және Украина әскери жүйесінің жұмысына қолдау көрсетуге міндеттенген.