COVID-19-бен күресте мемлекет пен халықтың ынтымақты жауапкершілігі қажет. Мұндай пікірді Қарағанды медицина институтының клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Көшерова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның атап өтуінше, оптимистік сценарийге сәйкес, емханалар, стационарлар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер іс жүзінде коронавирус індетінің жаңа толқынына дайын десек те болады. Олар қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған және бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Төсек-орын қоры да кеңейтілу үстінде. Коронавирус індетінің алғашқы толқыны кезінде дәрігерлер үлкен тәжірибе жинақтады. Дегенмен, медицина университеттері мен ұлттық орталықтардың профессор-оқытушы құрамы қазіргі уақытта оларға диагностикалау, сараланған диагноз қою, Covid-19-ды диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасы негізінде пациенттерді қарау бойынша оқытып та жатыр. Бұл ретте орта медицина қызметкерлерін пациенттерге сапалы күтім жасауды үйрету өте маңызды болып отыр.
«Күз-қыс кезеңі тұмау мен жіті респираторлық вирусты инфекциялардың маусымдық өршуімен тұспа-тұс келеді. Мұндай індет жағдайында медицина қызметкерлерін жұмысқа дайындау өте қажет. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты айтар болсақ, медицина ұйымдарының өтінімдері дайындалып, сатып алулар жүргізіліп жатыр. Бұл негізгі басымдық саналады. Жалпы еліміздің денсаулық сақтау жүйесі індеттің жаңа толқынына дайындық үстінде. Бұған қоса, жүйе қаншалықты дайындық жүргізсе де көп жайт халықтың өзіне тікелей байланысты. Оптимистік және пессимистік болжамдар бар. Оптимистік сценарий мемлекет пен халықтың ынтымақты жауапкершілігі кезінде жүзеге асырылады. Денсаулық сақтау жүйесі дайын. Халық та алдын алу шараларын сақтап отыр. Пессимистік сценарийде денсаулық сақтау жүйесі дайын болғанымен тұрғындар тәртіпке бағынбайды, алдын алу шараларын сақтамайды. Мұндай кезде ауру жұқтырушылар саны артады. Тіпті өте жақсы дайындыққа келтірілген денсаулық сақтау жүйесі де өкінішке қарай мұндай кезде ауруға қарсы тұра алмайды», - деді профессор.
Университет проректорының атап өтінше, халық масканы дұрыс тағып, қолын үнемі сабындап жууы және заласыздандыру сұйықтығымен тазалап отыруы қажет. Сонымен қатар әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, адамдар көп жиналатын жерлерге бармауы керек. Бұл әр адамға өзінің денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді. Мұнан бөлек, алдағы күз-қыс кезеңінде иммунитет мықты болуы үшін байланыстарды да барынша шектеген жөн.
«Бұл тек қана Covid-19-дың ғана емес тұмау мен ЖРВИ сияқты өзге де жұқпалы аурулардың алдын алуға септігін тигізеді. Адам ағзасы бөгде жұқпаларды жұқтырмауы және иммундық жүйесіне қосымша жүктеме түсірмеуі тиіс. Ұйқыны қандыру, дұрыс тамақтанып, таза ауада серуендеу, саламатты өмір салтын ұстану да маңызды. Суық тию белгілері байқалған жағдайда ағзаға көмектесіп, жылы суды аз-аздап ішкен жөн. Дене қызуы көтеріліп, ауру белгілері асқына бастаса медициналық көмекке жүгіну қажет. Сонымен қатар тұмаудың алдын алу мақсатында вакцинация жасауға кеңес берер едім», - деді Бақыт Көшерова.