Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2020 жылға арналған комиссиялық сыйақылар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруға, кастодиандық қызметтерге, зейнетақы қызметтерін көрсету бойынша шығындарға, БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шоттарындағы жинақтарын инвестициялық және дербес есепке алуға қатысты комиссия шамамен екі есеге қысқарады», - деп хабарлады БЖЗҚ-дан.
ҚР Ұлттық банкі бекіткен БЖЗҚ-ның 2020 жылға арналған комиссиялық сыйақы көлемі келесідей: инвестициялық табыс сомасынан 2,0%, зейнетақы активтерінен айына 0,011% сома аударылып отырады.
Айта кету керек, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақысының шекті шамасы: инвестициялық табыстың 7,5 пайызынан және зейнетақы активтерінің айына 0,025 пайызынан аспайтын мөлшерде белгіленеді.
2014 жылдан бері комиссиялық сыйақының аталған шамалары бірнеше рет төмендетілді. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап белгіленетін комиссиялық сыйақының нақты шамалары заңда белгіленген шекті шамалардан: инвестициялық табыс сомасынан – 3,75 есеге; зейнетақы активтерінен – 2,3 есеге төмен.
«Комиссиялық сыйақының салыстырмалы және абсолюттік шамаларын азайтуға зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаратын Ұлттық банктің, сонымен қатар қаржы құралдарын инвестициялық есепке алу, жеке зейнетақы шоттарын дербес есепке алу, салымшылар мен алушыларға зейнетақы қызметтерін көрсету бойынша бірыңғай оператор – БЖЗҚ-ның атқарып жатқан тиімді жұмыстарының арқасында қол жеткізілді», - деп қосты қордағылар.