19 сәу, 2021 сағат 12:41

Былтыр 7 ЖОО жабылып, 33 ұйымнан 109 лицензия қайтарылған

2020 жылы Білім және ғылым министрлігі еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейтін 7 жоғары оқу орнын жауып, 33 ұйымнан сұранысы аз бағыттар бойынша 109 лицензияны қайтарып алған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына берген жауабында айтты. 

«Академиялық дербестікке байланысты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жұмыс берушілермен бірлесіп, еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді. Білім беру бағдарламаларын әзірлеу кезінде икемді, кәсіби және кәсіпкерлік дағдылар мен цифрландыруды дамытуға басты назар аударылады. Қазіргі заманғы трендтерді және жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, аталмыш ұйымдар білім беру бағдарламаларын жаңартып отырады», - дейді вице-Премьер. 

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов қазір тізілімге 9011 бағдарлама енгізілгенін, оның ішінде 268-і инновациялық бағдарлама екенін атады. 

«Жұмыс берушілерді академиялық процеске барынша тарту үшін жоғары оқу орындары, бизнес өкілдері мен шетелдік сарапшылар арасында диалог алаңдары мен жергілікті консорциумдар құрылуда. Білім беру бағдарламаларының мазмұнына академиялық жазу және зерттеу әдістері бойынша пәндер енгізілді. Министрлік еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейтін ЖЖОКБҰ-ларды оңтайландыру жұмысын жалғастыруда. 2020 жылы 7 ЖЖОКБҰ жабылды. 33 ЖЖОКБҰ кадрларды даярлаудың бейінді емес бағыттары бойынша 109 лицензияны қайтарды», - делінген депутаттық сауалға жолданған жауапта.