Фото: img200-rus.redtram.com
Адамзат 2030 жылға қарай аштықтан құтыламыз деген мақсатынан алшақтап барады. БҰҰ сарапшылары осындай қорытынды жасады, себебі былтыр әлемде 830 миллионға жуық адам азықпен жеткілікті қамтылмаған, бұл - жер шарындағы халықтың 10 пайызы, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews агенттігіне сілтеме жасап.
2020 жылмен салыстырғанда аштыққа ұшырағандар саны 46 миллионға артты.
Жалпы, пандемия басталғаннан бері азық-түлік жетіспеушілігінен зардап шеккендер саны 150 миллионға өскен.
«Біз кедейшіліктің шегіне жетіп қалғанын көріп отырмыз, онымен күресу үшін ондаған жылдар бойы жүргізілген күш-жігер босқа кетті. Әлемде байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық ұлғайып барады. Ерекше алаңдаушылық тудыратын жайт - адамдардың қалыпты тамақтануға мүмкіндігі жоқтығы», - деді Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) бас экономисі Максимо Тореро.
Азық-түліктің жетіспеушілігі Азия, Африка, Латын Америкасы және Кариб бассейнінде байқалды.
Қазір әлемде жағдай күрт нашарлады. Егер өзгеріс болмаса, 2030 жылы 670 миллион адам аштыққа ұшырайды, бұл - шамамен 2015 жылғы көрсеткішпен тең.