18 жел, 2019 сағат 15:08

Бурж Халифа қабырғасында Қазақстан туын бейнелеу үшін ақы төленген жоқ - СІМ

Сыртқы істер министрлігі Қазақстанды Тәуелсіздік күнімен құттықтау акциясы ақылы болғаны туралы ақпараттың жалған екенін айтты. СІМ ресми өкілінің айтуынша, мұндай тәжірибе бірінші рет болып тұрған жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Кеше Дубайдағы Бурж Халифаның қасбетін Қазақстан туының түсіне бояу үшін ақы төленді деген ақпарат болды. Шын мәнінде, бастама Дубай әмірлігіне тиесілі. Бұл - тегін акция. Бұл тәжірибе бұрыннан бар. Қазақстанға дейін Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей, Беларусь және басқа елдердің жалауы бейнеленген. Сол күні қабырға Бахрейн туы түсімен боялды», - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, ҚР Сыртқы істер министрлігі 16 желтоқсан күні мейраммен осылай құттықтау үшін ақы төледі деген – жалған ақпарат.

«Мен мұндай ақпарат тарататын блогерлер мен журналистерді ар-ұятты сақтауға шақырамын. Ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізбей тұрып тарату – олардың ақыл-ойының тарлығын және ақпараттық саясатқа қалай қарайтынын білдіреді», - дейді СІМ өкілі.

Еске сала кетсек, Дубай эмираты қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен ерекше құттықтаған болатын. 16 желтоқсан күні әлемдегі ең биік ғимарат – Дубай қаласындағы Бурж Халифа Қазақстан туының түсіне боялды.